Бұқара

Маңғыстау облысының балықшылары кәсібін дамыта алмай әлек

Оларға тек кефаль мен килька аулауға рұқсат берілген

Маңғыстау облысында балықшылар кәсібін дамыта алмай отыр. Мәселен, Түпқараған ауданының кәсіпкерлері балық қабылдайтын пункттің жоқтығына шағымданады, деп хабарлады Qazaqstan телеарнасы.

Олар лицензиясы бола тұра теңіз өнімдерін көп аулай алмайды. Себебі тапсыратын орын жоқ. Тағы бір мәселе, балықшылар өңделген балыққа субсидия бөлуді сұрайды.

Облыста балық аулау кәсібімен айналысатын 1 мыңға жуық тұрғын бар. Олар Каспий теңізінің Түпқараған, Қарақия және Ақтаудағы аумағынан балық аулауды күнкөріс көзіне айналдырған. Алайда кәсіптері оңайлықпен келіп жатқан жоқ. Аулаған балықтарын қабылдайтын орталықтардың болмауы салдарынан үйлерінде сатып, нәпақа табуға мәжбүр.

Балықшылар балықты аралға барып аулайды. Өйткені жағалауда айлақтар салып, теңізге топырақ, оның үстіне цемент төгіп тастаған.

Сондықтан олар алыстан үлкен еңбекпен әкелген балықты тиімді бағамен сатқысы келеді.

Облыстық балық шаруашылығы басқармасы басшысының айтуынша, өңірде балық шаруашылығын дамытудың іс-шара жоспары жасалып жатыр. Сондықтан ол Түпқараған ауданына барып, балықшылардың мәселесімен танысуға уәде берді.

Тағы бір мәселе, балықшыларға тек кефаль мен килька аулауға рұқсат берілген. Бірақ ауға өзге де балықтар түседі.

Сол себепті олар көксерке, сазан, шабақ сияқты балықтарға лицензия сұрап отыр.