Аңшылар атқан 43 мыңнан астам киіктің 1 132-сінен ғана консерві дайындалған
Олар Астана, Қостанай және Арқалық қалаларында сатылды
Ауыл шаруашылығы министрлігі ақбөкен етін консервілеу бойынша мәліметтерді жариялады. Бұл туралы Фонд-бюро расследования коррупции Telegram-арнасы хабарлады.
2023 жылы ақбөкен етінен 5 425 келі консерві өндірілген. Олар Астана, Қостанай және Арқалық қалаларында сатылды.
Консервілерді шығарумен бір ғана кәсіпорын – «Торғай ет» ЖШС-ның айналысқаны атап өтілді. Ал ақбөкен етін бұқтыру былтыр желтоқсан айында тоқтатылған.
Бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2023 жылдың 6 қазанынан бастап, «Охотзоопром» мемлекеттік кәсіпорны 43 503 ақбөкенді атып тастағанын мәлімдеген болатын. Бірақ осы ведомство мен Сауда және интеграция министрлігі Қазақстанда атылған киіктердің қаншасынан консерві жасалғанын, қаншасы экспортқа шығарылғанын және қаншасы ішкі нарықта сатылғанын айтпады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті 2023 жылдың 30 қазаны мен 10 желтоқсаны аралығында 1 132 ақбөкен атылып, тапсырылғанын хабарлады. «Торғай ет» ЖШС ет комбинаты 11 243 дана консерві өндірген. Сондай-ақ 1 ыдыс бұқтырылған еттің бөлшек саудадағы бағасы 1 мың теңге екені айтылды.
Ет комбинаттарына 1 132 ақбөкен жеткізілсе, Экология және табиғи ресурстар министрлігі жариялаған 43 503 бас киіктің қалған бөлігі қайда екені белгісіз.