Әмиян

Зиянды жұмыс істейтіндерге 245 млн теңге арнаулы әлеуметтік төлем төленді

Ол үшін 55 жасқа толуы және БЖЗҚ-да кемі 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы шарт

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында «Зенит» Орал зауыты» АҚ еңбек ұжымымен кездесті. Ол еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда ұзақ уақыт бойы жұмыс істеген қазақстандықтарға арналған арнаулы әлеуметтік төлем және 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы туралы баяндады.

Катерлер, кемелер және мұнай-газ секторында жұмыс істейтін компанияларға арналған жабдықтар өндіруге маманданған кәсіпорында 788 адам жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы – 250 мың теңге. Ұжыммен кездесу барысында Светлана Жақыпова ұзақ уақыт бойы еңбек жағдайлары зиянды жұмыста істеген адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін Қазақстанда 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап президент тапсырмасы бойынша енгізілген арнаулы әлеуметтік төлемді тағайындау шарттарының егжей-тегжейін айтып берді.

АӘТ тағайындау үшін 55 жасқа толу және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы – міндетті шарттар. Төлем зейнет жасына дейін төленеді. Арнаулы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауға тиіс. Жұмысшылар жеңіл жұмысқа ауыса алады. Содан кейін олар жалақы мен демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемдер алады.

БЖЗҚ деректері бойынша АӘТ тағайындау үшін міндетті шарттарды ескере отырып, оған 2024 жылы 37 мыңнан астам, 2030 жылы 58 мыңнан астам, 2035 жылы 95 мыңнан астам жұмысшы үміткер бола алады. Осылайша, әлеуметтік төлем алушылар саны жыл сайын ұлғаяды.

Алдын ала деректер бойынша, 2024 жылы арнаулы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері жалпы алғанда 208 мың теңгеден асады. Әрбір жұмысшы үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарға байланысты болады. Бұл ретте жыл сайын арнаулы әлеуметтік төлем мөлшері ең төмен күнкөріс мөлшерінің ұлғаюына байланысты өседі. Алдын ала есептеулер бойынша, 2030 жылы төлемнің орташа мөлшері 339 мың теңге, ал 2035 жылы 519 мың теңге болады.

Сондай-ақ министр былтыр жыл соңында Үкіметтің қаулысымен 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы бекітілгенін хабарлады. Құжат тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғыртуды, кәсіптік тәуекелдерді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыруды, еңбекті қорғау саласындағы кәсіптік құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамытуды, еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыруды көздейді.

Тұжырымдаманы іске асыру өндірістік жарақаттану деңгейін, еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтар санын және еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыс орындарының санын азайтуға ықпал ететін болады.

Айта кетсек, биыл жыл басынан бері 5 918 азаматқа зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істегені үшін арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қабылдауға барлығы 6 648 адам өтініш білдірген. Арнаулы әлеуметтік төлемге 2 көзден (республикалық бюджет және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) 2 612 адам жүгініп, төлем оның 2 517-сіне тағайындалды.

Арнаулы әлеуметтік төлемді 4 көзден (республикалық бюджет, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, жұмыс беруші және өмірді сақтандыру ұйымы) тағайындауға 4 036 адам өтініш білдірген, оның 3 401-іне тағайындалған. Сондай-ақ 447 азамат сақтандыру компаниясымен зейнеттік аннуитет шартының жасалуын күтіп отыр. 90 азамат СМС хабарламаға жауап бермеген. Міндетті шарттарды орындамағандықтан, 193 өтініш берушіге АӘТ тағайындаудан бас тартылды.

Аймақтар бойынша 2 көзден арнаулы әлеуметтік төлемдерді алуға өтініш білдіргендердің ең көп саны Қарағанды (2 көзден – 462 адам, 4 көзден – 798 адам), Қостанай (2 көзден – 304 адам, 4 көзден – 659 адам) және Шығыс Қазақстан (2 көзден – 235 адам, 4 көзден – 574 адам) облыстарында тіркелген.