Елімізде әлемдегі ең ірі жылыжайлардың бірі салынып жатыр
Онда 7 мың жұмыс орнын ашу көзделген
Премьер-министр Олжас Бектенов «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингінің президенті Александр Рудаковпен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселесін талқылады, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Қос тарап аграрлық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен жобаларды іске асыруды қарастырды.
Холдинг Түркістан облысының Келес ауданында жылыжай кешенін салып жатыр. Бүгінде 51 гектар жер учаскесінде жылыжай ашудың бірінші кезеңі іске аса бастаған. Онда жылына 28 мың тоннадан аса қызанақ өсіріледі.
Кездесуде 500 гектар жерді қамтитын жылыжай кешенінің аумағын кеңейту жобасы талқыланды. Ол жыл бойы 240 мың тоннадан аса көкөніс өсіруге мүмкіндік береді. Өндірілетін өнім ішкі нарыққа жеткізіліп, артығы шетелге экспортталады.
2025 жылдың соңына дейін жобаның бірінші кезеңі іске асады деп жоспарланып отыр. Александр Рудаковтың айтуынша, бұл әлемдегі ең ірі жылыжайлардың бірі болады. Онда 7 мың жұмыс орнын ашу көзделген.
Үкімет басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңызын атап өтті.
Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан азық-түлікпен ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етіп отыр.
Айта кетсек, «ЭКО-культура» – 13 жыл бойы тұрақты дамып келе жатқан, жабық топырақта экологиялық таза көкөніс өсіретін ірі агроөнеркәсіптік холдингтің бірі. Компания бір жылда 300 мың тоннадан аса өнім өндіреді.