Ақтөбеде де жылқы шаруашылығы институты құрылатын болды
Қазір елде жылқының 14 тұқымы бар
Ақтөбе облысына жұмыс сапары кезінде вице-премьер Серік Жұманғарин жергілікті ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасына барды. Ол – Ақтөбе облысының аграрийлері үшін дәнді, жарма, майлы және жемшөп дақылдарының элиталық және бірегей тұқымдарын өндіруге рұқсаты бар аймақтағы жалғыз аграрлық бейіндегі ғылыми-зерттеу мекемесі.
Ақтөбе селекциясының сұрыптары Қазақстанның басқа облыстарында және Ресейдің шекаралас аймақтарында да қолданылады.
Кәсіпорын қазір қиын жағдайға тап болып, қарыздық міндеттеме арқалап отыр. Осыған байланысты ғылыми әзірлемелерді одан әрі дамыту, қаржыландыру және коммерцияландыру мүмкін емес. Жақын арада кәсіпорынды қалпына келтіру үшін оның базасында жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру институты құрылатын болады.
Бүгінде республикада жылқының 14 тұқымы кездеседі. Ең көп таралғандары – Жабы, Мұғалжар және Көшім жылқысы секілді қазақы тұқым. Олар елдің әртүрлі аймақтарында сәтті өсіріліп жатыр.
Жалпы, жылқы өсіру жыл өткен сайын сұранысқа ие кәсіпке айналып жатыр және жаңа ғылыми әзірлемелер мен патенттердің аталған шаруашылықтың дамуына ықпал ете түсері анық.