Бұқара

Жұпар безінен иіссу жасау үшін ауланатын тісті жануарды білесіз бе?

Ол – тұяқты жануарлардың ең кішісі

Мынау – құдыр (кей жазбада күдір деп көрсетілген) деген жануар. Орысшасы – кабарга. Қабырғаны ұмытпасаңыз болды, есте тез сақталып қалады.

Дене ұзындығы – 1 метр, биіктігі – жарты метрден сәл асады, ал салмағы – 17 келіге тақау болады екен. Тұяқты жануарлардың ең кішісі.

Құдыр – өте сақ және үркек жануар. Мекендеген жерінен ұзамайды. Қауіп төнгенде жүгірісіне көз ілеспейді. Таңертең, ымыртта және түнде жайылып, күндіз тасаға тығылады. Жауы – құну мен сілеусін.

Бұның басқа жануарлардан ерекшелігі – аталықтарының ұзын, қайқы, иек астынан шығып тұратын азу тістері бар.

Шығыс және оңтүстік-шығыс Азияда тіршілік етеді. ТМД-да солтүстік аймақта, таулы, орманды жерде (тайга) кездеседі. Ютубтан көрсең, етін якуттар сүйсіне жеп жатады, әйтеуір.

Бір ғажабы, бұлардың негізгі қорегі – қына. Сондай-ақ жазда түрлі ағаш бұтақтарын, қыста қарағай, самырсын сияқты орман ағашының қылқанды жапырақтары бар жас бұтақтарын азық етеді. Қараша мен желтоқсанда күйлеп, 1-2 лақ туады.

Тағы бір қызығы, адамдар құдырды бауырында орналасқан жұпар бездері үшін аулайды екен. Себебі еркегінен иіссуға қосатын бағалы сұйық зат алынатын көрінеді. «Естімеген елде көп» дегеніміз – осы.