Қостанайлық жас кәсіпкер бағалы тышқанмен-ақ баюды көздеп отыр
Оның алақандай бір терісінің өзі 1 мың долларға жуық тұрады
Қостанай облысының Қарасу ауданында тұратын Андрей Лепконың арманындағы кәсіпті іске асыруына «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының көмегі тиіпті, деп хабарлады BAQ.KZ-тің Қостанай облысындағы тілшісі.
Ерекше тышқандардың бұл фирмасы ел аумағындағы екінші ерекше кәсіп көзі болып отыр. Қостанайдағы шиншилла шаруашылығы Қарасу ауданының Жамбыл ауылында орналасқан. Ерекше бастаманы іске асыру үшін жас кәсіпкер «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының аясында мемлекеттен 583 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, қазір шаруасын дөңгелетіп отыр.
Андрей Лепко – негізгі мамандығы заңгер бола тұра, мемлекеттік бағдарламаны пайдаланып, ауылдық жерде бұрын-соңды болмаған кәсіп түрін ашуға тәуекел еткендердің бірегейі.
Айтуынша, ол гранттан алған негізгі қаражатты шиншиллаларды сатып алып, ауылына жеткізуге жұмсапты.
Тышқандарды өсіру барысында айтарлықтай қиындық жоқ. Шиншилла тез өседі. Бір жыл ішінде бір аналық 10 басқа дейін күшіктейді. Бұл тышқанның түрі көп ауыра қоймайды.
Андрей грант қаражатына 12 шиншилла сатып алыпты. Бір тышқан үшін 49 мың теңгеден төлеген. Айтуынша, оның шиншиллалары «стандартты» деп аталатын тұқымға жатады. Енді олардың санын 500 басқа жеткізуді жоспарлап отыр.