Темекісінің 1 данасы 10 мың теңгеден асатындарға байлық салығы салынады
Олардың ішетін алкоголінің 1 литрінің өзі 500 мың теңгеден асады
Сән-салтанат салығы автокөліктер мен пәтерлер ғана емес, сонымен қатар ішімдік пен темекі өнімдеріне де салынуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев айтты.
Департамент директоры «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы жаңа Салық кодексін таныстыруға арналған іс-шарада байлық салығының ішімдік пен темекіге қатысты мөлшерлемесі қандай болатынын түсіндіріп өтті.
Салық кодексіне сәйкес, енді қымбат мүлікке салықтық градациясы болады. Яғни мүліктің құны неғұрлым көп болса, салық мөлшерлемесі де соғұрлым арта түспек.
Сондай-ақ ол қымбат алкоголь өнімдері мен темекілерге де жоғары салық салынатынын айтты.
Осыған дейін «Сән-салтанат салығы» Ашық НҚА порталында жария талқыға шығарылған болатын. Ұлттық экономика министрлігі тапсырманы қолданыстағы салықтар шеңберінде іске асыруды ұсынды.
Сонымен қатар, министрлік елімізде қанша адамда яхталар немесе жеке ұшақ секілді қымбат мүлік бар екені туралы ақпарат берді.
Министрлік келтірген дерекке сәйкес Грецияда ашық яхталарға арналған «сән-салтанат» салығы жылына 780 еуродан (383 мың теңге) 2 340 еуроға (1 млн 149 мың теңге) дейін белгіленген. Ал егер яхта 12 метрден асса, салық сомасы тағы артады.