Ақмола облысында ауыл оқушысы жусан иісі аңқыған әтір ойлап тапты
Оны Сұлтан Бейбарыс туралы аңыздағы «Жусанда туған жердің иісі бар» деген қанатты сөз шабыттандырған
Ақмола облысының Ақкөл ауданына қарасты Кеңес ауылының 5-сынып оқушысы Альбина Айдарханова ұстазымен бірге қазақ даласының хош иісі сақталған әтір шығарды.
Мектеп оқушысының айтуынша, оны ерекше хош иіс жасауға Сұлтан Бейбарыс туралы аңыздағы «Жусанда туған жердің иісі бар» деген қанатты сөз шабыттандырған.
Оқушы өз жұмысында табиғи ингредиенттерді пайдаланған. Парфюмерия жасаудағы негізгі өнім – туған өлкенің қасиетті жұпарына айналған қарапайым жусан.
Бұл хош иіс «Елім-ай» деп аталады. Жас өнертапқыштың айтуынша, әтірдің атауы еліміздің мәдениетіне деген сүйіспеншілікпен байланысты. 5-сынып оқушысы жақында өткен ғылыми жобалар байқауында өз жұмысын қорғап, «Химия, биология» секциясында 3-орын иеленді.