«Өнімін алып кетеміз». Қытайлық инвестор 10 мың есек бағуға 10 мың га жер сұрап отыр
Қазір оның 2,5 мыңға жуық есегі Байзақ, Талас аудандарында жайылып жүр
Жамбыл облысында жайылымда 2,5 мыңға жуық есек жүр. Жұртшылық олардың қайдан келгенін, қалай көбейгенін білмейді. Иесін де көрмепті.
Есек үйірі Байзақ, Талас аудандарының өрісін толтырған. Әңгісі ақырып, биесі бақырып, 4 ауылдың берекесін алады дейді жұрт. Басында 1 700-дей болған есектің саны қазір 2 300 басқа көбейген. Бірақ бағытын қайырып бағып, өрістеткен ешкім жоқ. Сөйтсе, жер иесі есек жинаған азаматпен келісімді бұзып, қоршалған қораның есігін ашып жіберген.
Белгілі болғандай, бұл есек өнеркәсібін дамытуға басталған жоба екен. Жеке адамның жерін жалға алған азамат жер-жерден 25-30 мыңнан есек алып, жинаған. Ендігі жерде оның санын 10 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Осылайша, инвестиция құюға ниет білдірген инвестормен өңір басшылары ақылдасыпты.
Жоба іске асса, өңірге 50 миллион юань, яғни 3,5 милиард теңге инвестиция құйылады. Бұл ұсынысқа жергілікті биліктің бүйрегі бұрылғандай. Ал етінің елге тарап кетпеуіне еш күмән болмауы керек.
Осылайша, көп ұзамай Жамбыл облысынан есек етін экспорттау қолға алынатын болды. Алайда әзірге жері жоқ инвестор мыңғырған есекті басы ауған жаққа жіберуге мәжбүр.