«Киіз үйде билегендерді Бас прокуратура мен ҰҚК қатаң жазалауы қажет» - Мәжіліс депутаты
Бұл – мысықтілеулі, теріс ниеттілердің ұлттық құндылықтарды құнсыздандыруға бағытталған жаулық әрекеті
Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев киіз үйде түсірілген видеоны Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті тексеріп, құқықтық баға беруі керектігін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутаттық сауал Бас прокурор Берік Асылов пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевқа жолданды.
Оның пікірінше, елімізде ЛГБТ насихатына жол беруге болмайды.
Сондай-ақ ол ЛБТ-ға қоғам қарсы екенін атап өтті.
«Таяуда қоғам белсенділері E-petition.kz мемлекеттік платформасында ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялаған еді. Небәрі 2 аптада осы талапты қолдап, 50 мың қол жиналды. Бұл – ЛГБТ-ның елімізге қажетсіз әрі жат құбылыс екенін, оған халықтың ашық қарсылығының анық көрінісі. Алда өтетін петиция қорытындысын қарау отырысына қоғам белсенділерін, ұлт жанашырларын белсене қатысуға шақырамын», - деді Самат Мұсабаев.
Депутаттың пікірінше, әлеуметтік желіде тараған видео – ұлттық құндылығымызды қорлау көрінісі, әбден шектен шыққандық.
Самат Мұсабаев киіз үйде түсірілген видеоны ҰҚК тексеру керектігін атап өтті.
«Бас прокуратурадан, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінен аталған бейнеролик бойынша құқықтық баға беріп, оған қатысты нақты шара қолдануды сұраймыз. Ата дәстүрімізге қол сұғу – ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіру, ұлттық құндылықтарды түбірімен жоюмен тепе-тең. Қазақ – домбыра, қазақ – ұлттық дәстүр, қазақ – киіз үй, ою, ұлттық киім. Осының әрбіріне жасалған қастандық біз үшін ауыр қылмыспен тең», - деді депутат.