Танымал адамдар жарнамалаған саумалдың ешқандай емдік қасиеті жоқ
Саумал өндірушіге азаматтардың сенімін теріс пайдаланғаны үшін айыппұл салынды
Алматы облысының прокуратурасы интернет желісіне, соның ішінде танымал блогерлер, спортшылар және әртістердің парақшаларына талдау жүргізді. Соның нәтижесінде тағамға биологиялық белсенді қоспалардың қасиеттерін асыра сілтеу арқылы жарнама таратылып жатқаны анықталған.
Бұл ретте SAUMAL-дың тағамға биологиялық белсенді қоспа ретінде жалпы нығайтушы, имундық ынталандырушы, тыныштандырғыш өнім ретінде тіркелгендігі анықталған. Басқаша айтқанда, дәрілік қасиеті жоқ және жарнамада көрсетілген ауруларды емдей алмайды.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 56-бабы 2-бөлігіне сәйкес, биологиялық белсенді қоспалардың жарнамасы анық болуға, арнаулы білімсіз немесе қажетті құралдарды қолданбай түсініліп-танылмауға, тұтынушылардың сенімін теріс пайдалану арқылы оларды жаңылыстырмауға тиіс. Кодекстің 56-бабы 3-тармағының 11) және 13) тармақшалары бойынша жарнамада қант диабетін, онкологиялық және басқа ауруларды «емдеу тәсілдерін» көрсетуге, биологиялық белсенді қоспаларды бірегей, барынша қауіпсіз және тиімді ретінде ұсынуға тыйым салынған.
Осылайша, компания азаматтардың сенімін теріс пайдаланып, көрінеу жалған жарнама тарату арқылы әкімшілік құқықбұзушылық жасаған.
Алматы облысының прокуратурасы тұтынушыларға биологиялық белсенді қоспаларды, дәрі-дәрмектерді және басқа тауарларды сатып алар алдында білікті мамандардан олардың қасиеттерінің растығын тексеруді ұсынады. Сондай-ақ тауар өндірушілерді сатылымдағы өнімнің мақсаты мен қасиетін асыра сілтеп жарнамалау үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгені туралы ескертеді.