Қазына

Қазақы тазыны сақтап отырған 100-ден аса ақмолалық Үкіметтен қолдау күтеді

Облыстық итбегі қауымдастығын ашу да жоспарланған

Ақмола облысында құмай тазыларды отбасымен 30 жылдан аса уақыт бойы баптаумен айналысып отырғандар бар. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасы хабарлады.

Атап айтқанда, жергілікті тұрғын Манарбек Ысқақов 10-нан аса тазы асырайды. Реті келгенде атын ерттеп, соларды жүгіртіп тұруды әдетке айналдырған.

Бұл ретте Манарбек Ысқақовтың тұңғыш ұлы Айбек Ысқақтың өзі үлкен жарыстардан олжалы қайтып жүр. Ол тек сайыстарға қатысып қана қоймай, өңірде бірнеше тазы жүгірту додасын да ұйымдастырыпты.

Ал алдағы уақытта жүлделі болған тазыларға қолдау білдіруге жергілікті сала мамандары ниет танытып отыр. Сонымен қатар, облыстық итбегі қауымдастығын ашу да жоспарланған. Қазір өңірдегі тазы баптайтындардың тізімі толықтырылып жатыр екен.

Бүгінде өңір намысын түрлі республикалық, халықаралық сайыстарда лайықты деңгейде қорғап жүрген осындай 100-ден аса адам бар. Олар да алдағы уақытта тиісті қолдау күшейтілсе, облыстағы асыл тұқымды иттер мен оларды бағып-баптаушылардың да қатары артады деген сенімде.