Билік

Мемлекет базар саудагерлеріне қолдау көрсетеді

Жол картасында 75 базарды жаңғырту көзделген

Биылдан бастап сауданы дамыту үшін сауда саласында мемлекеттік қолдау құралы қолданылмақ. Бизнестің жол картасы шеңберінде 8 маусымда салалық ережелерге тиісті өзгерістер енгізіліп, бірлескен бұйрық қабылданды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков мәлім етті.

Құжатта сауда объектілерін салу, реконструкциялау және айналым қаражатын толықтыру үшін пайыздық мөлшерлемені субсидиялау көзделген. Бұл ретте отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің сауда сөрелеріне кіруі бойынша қарсы міндеттемелер белгіленеді.

Сондай-ақ ведомство сауда инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр.

Жалпы, жол картасында 75 базарды жаңғырту көзделген. Бүгінде сауда нарықтары қала құрылысы, санитарлық, өрт стандарттарына сәйкес келмейді. Сондықтан ведомство мамандары өңірлерге барып, базарларды жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға мониторинг жүргізіп, жаңғыртуды қажет ететін объектілерді анықтап жатыр. Нәтижесінде жаңғыртылуға тиіс 64 базар анықталып, соған сәйкес Жол картасына өзгерістер енгізіледі.