Көлік министрлігі мен inDrive халыққа қолайлы келісім жасасты
Таксиге тапсырыс берудің мобильді қосымшасы операторларына жолаушы тасымалдау мәселесін шешу ұсынылды
Көлік министрлігі мен inDrive такси компаниясы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандум жасасу қажеттілігі туралы шешім қабылдады.
Министрліктің хабарлауынша, меморандум туралы мәселе ведомство өкілдерінің таксиге тапсырыс беруге арналған мобильді қосымшалар операторларымен кездесуінде талқыланған.
Ведомствоның мәліметінше, 12 ақпанда inDrive сервис операторының өкілдерімен қосымша кездесу өткен. Кеңесте жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың жағымсыз тұстарын көрсете отырып, жол-көлік апаттары бойынша статистикаға назар аударылды. Осыған байланысты компанияға жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтау бойынша талаптарды күшейту ұсынылды.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша мобильді қосымша операторының такси тасымалдаушыларының автокөлік саласындағы заңнама талаптарын сақтауын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды кезең-кезеңімен қабылдауына бағытталған Көлік министрлігі мен inDrive операторы арасындағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандум жасасу қажеттілігі туралы шешім қабылданды. Қазір аталған меморандумның жобасы әзірленіп жатыр.