Бұқара

«Бедеулік пен белсіздікті емдейді». «Алтын қоңыз» бизнесінің жарнамасы жер жарып тұр

Ем ретінде қолдану қауіпті, вирустық ауру тудыруы мүмкін, - дейді ДСМ өкілі

Әлеуметтік желіні «алтын қоңыз» туралы жарнама жалаулап алған. Олар «түрлі дертке дауа» деп жарияланады. Inform.kz тілшісі жәндікпен емдеу тәсіліне тереңірек үңіліп көрген.

Жарнама жасаушылар бедеулікті де, белсіздікті де емдеуге кепілдік беріпті. «Алтын қоңыздың» бүйректегі құм-тасты шайып шығатынын және зәр шығару жолдарын тазалайтын қасиетін де жазған.

Тізе берсе, тізім бітпейді. Тіпті, сол «алтын қоңызды» сатып алып, ауруынан айыққандар алғысын айтып, видео қалдырған.

Instagram-дағы «Алтын қоңыз» атты парақшада әлгі жәндіктің таудан терілетіні жазылған. «Ал қолда өсірілгендерінің сапасы нашар болады» деп «сақтандырған».

Ем жүргізу мерзімі екіге бөлінеді:

  • Қысқасы – 1 ай. Күніне бір қоңыздан қабылдайды. Ақысы – 15 мың теңге.
  • Ұзағы – 2 ай. Тиісінше дозасы мен бағасы 2 еселенеді.

Айтпақшы, емделушілермен үздіксіз байланыс орнатып, тегін кеңес беру қызметін де ұмыт қалдырмаған.

Агенттік тілшісі байланысып, аталған «алтын қоңызды» елдің қай бөлігінен жинайтынын сұраған. Сондай-ақ көп ауруға ем болатынын қайдан білдіңіз деген сұраққа жауап ала алмаған. «Алтын қоңызбен» емдеу – халық емі деген соң, Қазақстанның халық емшілері қауымдастығына да хабарласып көрген. Қауымдастықтың өңірлік басшысы Жанболат Сәрсенбай жәндіктің жарнамасын жуырда естігенін, бірақ жарытып ештеңе білмейтінін айтыпты.

Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті де осы пікірді қуаттап отыр. Аталған органның баспасөз хатшысы Гүлдана Сауқанова «алтын қоңыздың» дәрілік зат емес екенін жеткізген.