«Таскілем» ұлттық бренді мемлекеттен қолдау тапса, көшелердің әрін ашқалы тұр
Қазақ жасаған тауардың сапасыз болмайтынын дәлелдейміз, - дейді шебер
Еліміздің қайсы қаласында жүрсеңіз де аяғыңыздың астына бір қарап көріңізші. Тықылдатып келе жатқаныңыз қай елдің тастөсеніші (брусчатка) екен? Әрине, отандық өніміміз емес. Ал шын мәнінде олардан артық болмаса, кем түспейтін тастөсенішті өзіміздің қара көздер де жасап жатыр. Ондай төртбұрыш, көпбұрыш, ромбик, домалақ пішінде емес, кәдімгі қазақтың қошқармүйіз оюы. Атауы да жат естілмейді: «Таскілем». Керемет пе? Онда әрі қарай оқыңыз...
«Таскілем» – Қазақстанда бұрын-соңды болмаған, алғаш рет қолға алынып жатқан ұлттық нақыштағы тастөсеніш. Патенттелген. Иесі, KOKTURK ЖШС-ның директоры Кенже Дүйсенбай 1989 жылы Қытайдың Алтай өлкесінде дүниеге келген. Әулеттің атамекенге қоныс аударып, Алматыда тұрып жатқанына 20 жыл болыпты.
Олар осы бір ерекше тастөсенішті шығаратын зауытты былтыр Алматыда, биыл Астанада ашқан. Заңды түрде жұмыс істеп тұр. Өнімнің 3 түрлі моделі және 40-50 түсі бар. Кім қай түске тапсырыс берсе, солай шығарып бере алады.
Біз де қарап отырмай, жалындап тұрған шеберден неге оюдың басқа түрін емес, осы қошқармүйізді таңдағанын сұрадық. Себебін қалай түсіндіретінін бағамдап көрмек едік...
Қазір Кенже Дүйсенбайдың қоластында 15 адам (Алматыда – 10, Астанада – 5) жұмыс істейді. Әзірге тапсырыс аздау көрінеді. Егер оюлы тастөсенішке деген сұраныс артса, жұмысшылар саны мен өнім көлемін де көбейтуге болады. Қазір зауыттарының «Таскілемді» күніне 1 мың шаршы метрге дейін шығаратын мүмкіндігі бар.
Нақты сұранысқа келсек, өнім былтырдан бері Ақтөбеде балабақша алдына, Қаражал, Балқаш қалаларында бір-бір саябаққа, Алматыда мектептердің ауласына, Жаркентте мемлекеттік мекеме алдына төселген. Қазір Көкшетауда бір тұрғын үй кешенінің ауласына әр бергелі тұр. Олардан тыс, Алматы, Қонаев қалаларында жеке адамдар біраз тапсырыс берген. Биыл Ақтөбедегі тағы бір саябаққа жөнелтіліп отыр.
Өйтпегенде ше? Олар осы «Таскілем» ұлттық брендін қалыптастыру үшін Алматы облысында да, Астана төңірегінде де бірнеше әкімнің есігін қағып, табалдырығын тоздырған. Ал олардың тарапынан арнайы жоба-жоспарларға енгізуге деген қызығушылық болмапты. «Өйткені біздің елде барлық жұмыс өз командасымен іске асады да бізге сырт адам деп қарайды», - деген Кенже Дүйсенбай енді таяуда соңғы үмітін үкілеп, елорда әкімі Жеңіс Қасымбектен де қолдау сұрап көрмек.
Иә, елім деген ердің айтып отырғанының бәрі – құптарлық. Аз да болса, сұраныс түсе бастаған «Таскілемнің» сапасына ешқандай шағым жоқ, керісінше, тұтынушылар алғыс жаудырып жатыр екен. Кенженің өзі айтқандай, «жақсы көрген жұмысың істелсе, ол кез келген жағдайда табыс әкеледі». Ол үшін әкім-қаралар да аяғының астына бір қарап қойса...