«Айына 2-3 млн теңге пайда түседі» - құрым мәсіні заманауи брендке айналдырған шебер
Енді ол осы кәсібін елге танытатын бірнеше шәкірт тәрбиелемек
Бүгінгі кейіпкеріміз Рахима Дүйсенбекқызы Исағұлова – еліміз бойынша ұлттық нақыштағы кебіс-мәсі тігу ісін алғаш бастаған шебер. 1988 жылы Жамбыл облысының Меркі ауданында дүниеге келген. 2003 жылдан бастап Алматыда тұрады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің есеп және аудит факультетін тәмамдаған.
Айтуынша, ол мамандығы бойынша еш жерде жұмыс істемеген. Тек магистратурада оқып жүргенде жездесінің қасында заңгердің көмекшісі ретінде ғана жүріпті. Ал кебіс-мәсіні оюлап, түрлі тастармен әшекейлеп тігіп, сатылымға шығару кәсібін 2016 жылы бастаған.
Тұрақты жалақыға бір жерде есепші болып жұмыс істейін десе, ол үшін Алматыда бала-шағасына бас-көз болып отыратын адам болмаған. Ұлдардың аралары 1-2 жастан ғана болғандықтан, үйде өзінің отыруына тура келеді. Балаға қарап отырып-ақ табыс табу шешімін осылайша қабылдаған.
Бұл ретте оның өзіне қолғабыс етіп жүрген жұбайы тұрақты жалақыға жұмыс істейді. Ал кебіс-мәсі – отбасының қосымша табыс көзі. Qurym masi ұлттық брендін кең көлемде дамыту үшін мемлекеттен қаржылай қолдау, көмек те сұрамаған. Барымен базар етіп, өз күштерімен көпшіліктің сұранысын қанағаттандырып отырған жайы бар.
Айтуынша, кебіс-мәсілерінің дизайны да тұтынушылардың сұранысына байланысты жасалады. Мысалы, шебер көк тастармен әсемдесе, оның орнын басқа түспен алмастыруға тура келуі мүмкін. Сондай-ақ тастарын азырақ немесе көбірек жапсырғанды қалайтындар бар. Сондай талаптардың арқасында жаңа дизайн пайда бола кетеді екен.
Интернет арқылы сататындықтан, қазір оның қолынан шыққан ұлттық өнімге тапсырыс еліміздің түкпір-түкпірінен түсіп жатыр. Тіпті, Лос-Анджелес, Қытай, Ресейге алып кеткен қандастарымыз да (көбіне Қазақстандағы балалары шетелдегі аналарына сыйлық ретінде апарады) болған.
Instagram желісінен бөлек, Рахима Дүйсенбекқызының кебіс-мәсілері «Жанат Бақыт» сән үйінің Алматы, Ақтөбе, Тараз қалаларындағы көтерме бутиктеріне қойылған. Олар – шеберден өз құнына алып, үстінен сәл ақы қосып сататындар.
Осы орайда айта кетсек, ұлттық нақыштағы кебіс-мәсілерге тек қарапайым тұтынушылардың ғана емес, елге елеулі азаматтардың да қызығушылығы артып келеді. Көңіл қуантар жаңалық, әрине.
Басты ескерер жайт, кейіпкеріміз осы кәсіппен 8 жыл бұрын, яғни 2016 жылы айналыса бастағанда, мұндай кебіс-мәсілер Қазақстан нарығында болмаған. Мақаланың басында оны «еліміз бойынша ұлттық нақыштағы кебіс-мәсі тігу ісін алғаш бастаған шебер» деп таныстыруымыздың себебі – сол. Айтуынша, ондай оюлы кебіс-мәсілер содан кейін шыға бастапты. Бірақ бағалары Рахима Дүйсенбекқызының өнімінікінен 2 есе қымбат.
Рахима Дүйсенбекқызының ендігі мақсаты – менторлықпен айналысу. Яғни кебіс-мәсіні ұлттық нақышта сәндеп тігу әдісін басқа адамдарға үйретіп, шәкірт тәрбиелегісі келеді.