Табыс

Қазақстанның автонарығына Қытайдан тағы 15 бренд кіреді

Былтыр 869 млн долларға Қытайдың 55 мың көлігін қабылдағанбыз

Елімізге Қытайдың тағы 15 автомобиль бренді кіргелі жатыр. Қазірдің өзінде алып көршіміздің көліктеріне деген сұраныс жоғары. Бұған тұтынушыларға жасаған жағдай мен бағаның қолжетімділігі себеп.

Қазір жаңа темір тұлпар тізгіндейтіндердің көбінің таңдауы бірден Қытай өніміне түседі. Ресми дилерлер саудалаған әрбір төртінші автокөлік – қытайлық бренд.

Алдыңғы орында Chery, Haval мен Jac автокөліктері тұр. Былтыр Қытайдан Қазақстанға 869 млн долларға 55 мың көлік жеткізілген. Жалпы, көрші ел автокөліктерінің әлемдік нарыққа шығудағы баға нәтижесі соңғы 4 жылда 9 млрд доллардан 78 млрд долларға дейін артқан.

Енді алдағы уақытта Қазақстан нарығына тағы 15 қытайлық көлік бренді кіреді дегеніміз автокөлік дилерлері арасында үлкен тартыс пен бәсекелестік болатынын білдірсе керек.