Бұқара

Ақмола облысындағы алтын кенін қылмыстық топтар еншілеп алған

400-ден аса адам қап-қап, тонна-тонна қазынаға кенелген

Ішкі істер министрлігі Ақмола облысында алтын кен орнын заңсыз иемденіп алған қылмыстық топты әшкереледі.

Атап айтқанда, биыл полиция қызметкерлері алтын шығатын кенді заңсыз қазумен айналысқан 400-ден аса адамды ұстап, жауапқа тартты. Олардың үстінен 8 түрлі қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ топ болып әрекет ететін кен қазушылардың бригадасы анықталып, жолы кесілді.

Осындай ұйымдасқан топтың бірін биыл қаңтар айында Ақмола облысының ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ұстап, кенді қайта өңдейтін заңсыз цехты жапты. Олардан салмағы 600 келіден асатын, құрамында алтыны бар кен салынған 26 қап тәркіленді.

Сәуір айында полиция Степногорск қаласы прокуратурасымен бірігіп, алтын ұрлаумен айналысқан 3 заңсыз кен қазушы бригаданы қолға түсірді.

26 мамырда Ақсу және Бестөбе елді мекендерінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде тағы 3 жерасты кен өңдеу цехы табылған. ІІМ өкілінің айтуынша, ол жерден де әртүрлі жабдықтар, шамамен 300 қап кен тәркіленіп отыр. Қылмыстық схеманың ұйымдастырушылары мен қызметкерлері ұсталды.

Қазір осы бағыттағы жұмыс ерекше бақылауға алынған.