Әмиян

Ресейге – 21,3 млрд теңге: қазақстандықтар биыл шетелдерге көп ақша аударған

Ал елге шетелден түскен ақша аударымдарының саны 0,8% азайған

Қазақстандықтар шетелге ай сайын көбірек ақша жіберіп жатыр.

Ұлттық банк мәліметінше, 2024 жылдың сәуір айында халықаралық ақша аударымдары жүйесі (ХААЖ) арқылы жіберілген ақша аударымдарының жалпы көлемі 67,8 млрд теңге сомасына 209,4 мың транзакцияны қамтыған.

Бұл ретте транзакциялардың жиынтық көлемі 2024 жылғы қаңтар-сәуір аралығында 759,4 мың, ал транзакциялар сомасы 243,9 млрд теңге болған. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 7,6% және 14% аз.

Сәуір айындағы жалпы саннан 65,8 млрд теңге сомасына 205,2 мың транзакция шетелге жіберілген.

Қазақстаннан шетелге жіберілген ақша көлемі бойынша алдыңғы қатарда мына елдер тұр:

  • Ресей – 21,3 млрд теңге (жалпы соманың үлесі – 32,3%);
  • Өзбекстан – 18,0 млрд теңге (үлесі – 27,4%);
  • Түркия – 12,6 млрд теңге (үлесі – 19,1%);
  • Грузия – 5,4 млрд теңге (үлесі – 8,2%);
  • Қырғызстан – 2,5 млрд теңге (үлесі – 3,8%).

Айта кетсек, Қазақстан аумағындағы аударымдар жалпы санның тек 2% және ақша аударымдарының жалпы сомасының 2,8%-ын қамтып отыр.

Қазір шетелден түскен ақша аударымдарының саны 0,8% азайса, көлемі 2,8% өсті.

Шетелден түскен ақша аударымдарының көлемі бойынша алдыңғы қатардағы елдер:

  • Ресей – 5,9 млрд теңге (жалпы соманың үлесі – 29,0%);
  • Корея Республикасы – 2,6 млрд теңге (үлесі – 12,5%);
  • АҚШ – 2,5 млрд теңге (үлесі – 12,2%);
  • Өзбекстан – 2,1 млрд теңге (үлесі – 10,1%);
  • Германия – 1,5 млрд теңге (үлесі – 7,3%).