Билік

Билік моноқалаларды қайта қалпына келтіруге 1,7 трлн теңге жұмсайды

2027 жылға дейін 10 ескі шаһарды дамыту жоспарланған

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Үкіметке моноқалаларға қатысты мемлекеттік саясатты қайта қарау, олардың одан әрі дамуына және тұрғындарына қолдау көрсетуді тапсырған болатын. Оның айтуынша, 27 моноқаланың тұрақты экономикалық өсімнен бастап, тоқырауға дейінгі даму перспективалары әртүрлі. Кейбірі нарыққа бейімделіп, экономикасын әртараптандырып үлгергенмен, жалпы даму жолында теңсіздік бар.

Тәуелсіздік алғалы бері тек президенттен пәрмен күтіп отыруға үйренген атқарушы орган сол тапсырмадан кейін-ақ іске кірісе бастады. Үкімет бірден 10 моноқаланы (Алтай, Арқалық, Балқаш, Жітіқара, Лисаковск, Серебрянск, Степногорск, Жаңатас, Қаратау, Риддер) әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітіп тастады. Енді республикалық және жергілікті бюджеттен осы «ондықтың» денсаулық сақтау, білім беру, спорт, инженерлік инфрақұрылым, шағын және орта бизнес, агроөнеркәсіптік кешен нысандарын салу және жөндеу, заманауи жабдықтарды сатып алу мақсаттарына 1,7 трлн теңге бөлінуге тиіс.

Сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігі моноқалаларды дамытуда кешенді тәсілді қолдану мақсатында, жаңа шараларды жүйелеу және іске асыру үшін тиісті Жол картасын әзірлеп қойды.

Қомақтыларын атап өтсек:

  • Арқалық қаласында Маятас кластерінің кен орындарына геологиялық зерттеу жүргізілгеннен кейін тау-кен байыту комбинатын салу жоспарланған. Құны 315 млрд теңге болатын ол жоба 1,2 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
  • Балқаш қаласында өнеркәсіп өндірісінің негізгі капиталына 57 млрд теңге инвестиция салу қажет. Сөйткен жағдайда ондағы атмосфераға таралатын зиянды шығарындылар 2027 жылға дейін 78,5 мың тоннадан 50,2 мың тоннаға азаюы мүмкін.
  • Ақмола облысының Степногорск қаласында өнім шығаруды 71 млрд теңгеден 90 млрд теңгеге дейін, ал ауыл шаруашылығындағы ЖІӨ көлемін 10% арттыру көзделген. Нәтижесінде 3,5 мың жаңа жұмыс орны құрылады деген үміт бар.