Таразы

Балық шаруашылығына да басымдық керек

Балықшыларға шабуыл кейбір экономикалық күштердің рейдерлік әрекеттері болуы ықтимал

Бұрын таратылған Балық шаруашылығы комитеті Үкімет қаулысымен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі аясында қайта құрылды. Еске сала кетсек, кезінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне қараған бұл комитет 2014 жылы таратылған еді. Енді оны не үшін қайта құруға тура келді?

Үш мәселені шешсек, үміт ақталуы мүмкін

Қазақстан – балық ресурсына өте бай ел. Егер дұрыс пайдалана білсек, экономикалық даму үдерісінде балық шаруашылығы ерекше рөл атқара алады.

Балықты негізінен Түркістан, Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында өсіреді. Балық өнеркәсібі саласы – Қазақстанның дайын өнімді экспорттауға бағытталған бірден-бір экономикалық бағыты. Ал импорттайтынымыз – Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай және Балтық елдеріндегі майшабақ, скумбрия, асшаян, мидия сынды мұхит балығы мен теңіз өнімдері. Статистикаға сүйенсек, Қазақстан жыл сайын шамамен 60 миллион долларға 36 алыс-жақын елдерге 30 мың тонна балық өнімдерін экспорттайды екен. Оның ішінде көксерке еті Германия, Нидерланд сынды ЕО елдерінде қазақстандық бренд есебінде танымал.

Соңғы мәліметке сенсек, қазір Қазақстанда 500 мыңға жуық адам күші тартылған 1 300-ге жуық балық шаруашылығы субъектілері жұмыс істеп тұр екен. Оларға 1 646 балық шаруашылығы су айдыны мен олардың учаскелері бекітілген. Осы орайда, біздің Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған, жан басына шаққанда 16 келі балық тұтыну нормасына қол жеткізу үшін жылына кемінде 300 мың тонна балық өсіруіміз қажет. Әрине, ол межеге жеткенше жолымызды бөгейтін біраз кедергіні жойған жөн.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бизнеске талдау жүргізіп, балық шаруашылығы саласы бойынша «су қоймаларын балық аулаудан балық өсіруге бейімдеу, заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу, мемлекеттік қолдау шараларын арттыру шарт» деген 3 басты мәселені анықтады. Сөйтіп, зерттеу нәтижесінде әлеуеті жоғары деген су қоймаларында жылына 600 мың тонна балық өсіруге болатыны белгілі болды. Осы негізде балық өсіру ісі өңірлерге бөлініп, схемасы жасалды. Ол үшін аталған өңірлер тұйықталған сумен қамтамасыз етілген технологиясын пайдалана отырып, балық өсірудің тоған және бассейндік шаруашылықтар сынды бағыттарын дамыта алады.

Алайда бұл жоспарды іске асыру үшін 20-30 жыл уақыт керек. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің болжамы бойынша, 2030 жылдың өзінде 45% ғана орындауға болады екен. Қазір олар әр өңірдегі балық шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес, кейінгі 10 жыл ішінде 545 шаруашылық құрылатынын алға тартып отыр.

Сырттағы тоғаннан іштегі акваөсіру тиімдірек

Тағы бір ескерер жайт, табиғи су қоймаларының балық қорын пайдаланудың да шегі бар. Ал бүгінде көптеген су қоймасында балық ресурсының азайғаны байқалады. Сол себепті «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің басқарма төрағасы Қуаныш Исабеков балық өнімдерін ұлғайтудың жалғыз баламасы – акваөсіру екенін ескертті.

Сонымен қатар қазір акваөсіру – Шығыс Қазақстан облысының балық саласын дамытудың негізгі бағыты. Онда 3 жоба сәтті іске асқан. Атап айтқанда, «Шығыс Универсал» және «ГрандФиш» ЖШС форель, ал OstFish ЖШС бекіре тұқымдас балықтарды өсірумен айналысады. Олар бір жылда 325 тоннаға дейін (300 тонна форель, 25 тонна бекіре) өсірген.

Сол сияқты Түркістан облысында да тауарлы балық шаруашылығын акваөсіру ісі ерекше дамыған. Онда қалдықсыз өндірісті қамтамасыз ету мақсатында балық сүйектерінен ұнтақталған жем дайындау цехтары да қайта құрылып, толық жұмыс істеп тұр. Әсіресе, өңірдегі «Хамит» кәсіпорны акваөсіруді дамытуға көп көңіл бөлген. Ол мекеме жоспарлы түрде толық жүйелі балық өсіру шаруашылығының, азық өндірісінің барлық элементін және брендтелген сауда нүктелерін ұйымдастыруды қамтитын кластер құрмақ.

Қарағанды облысында 2013 жылы құрылған «Қарағанды бекіре» ЖШС жылына 45 тонна тауарлы балық пен 4 тонна уылдырық өндіреді екен. Кейін сол кәсіпорын да өңірде жергілікті аквамәдениетті дамыту орталығы құрылатынын мәлім етті. Балық шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясындағы бұл жоба Қарасор көлінде іске аспақ.

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметінше, акваөсіру саласы – ақуыз өнімдерін өндіруде әлемде ең қарқынды дамып келе жатқан бағыт. Мәселен, өсірілетін балықтың әлемдік көлемі 60 жыл бұрын небәрі 1 миллион тоннаны қамтыса, бүгінде бұл көрсеткіш 82 миллион тоннадан асып түседі. Бұл ретте соңғы 25 жылдың өзінде акваөсіру көлемі 67 миллион тоннаға немесе 450% өскен.

Министрлер де мән беріп отыр

Қазақстан тұрғындары балықты аз тұтынады. Мысалы жоғарыда айтып өткендей, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам басына шаққанда жылына 16 келіден кем емес балық тұтынуды ұсынса, бізде бұл көрсеткіш бір адамға 4 келіден ғана келеді. Ал көршілес Ресейде адам басына 23 келі, Қытайда 45 келі балық тұтынылады. Осылайша, шекара маңындағы аудандарды ескергенде, балық өнімдерінің экспорттық потенциалы 3 миллион тоннадан асып түсуі мүмкін. Алайда балық шаруашылығымен айналысатындар «Қазақстанда көлді балықтандыру ісінде жүйелілік жоқ» деседі.

Осы орайда, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қолданыстағы заңнамаға талдау жасап, су қорғау белдеуінде балық өсіру шаруашылықтары мен құрылыстарын салуға тыйым салынуы және балық өсіру кезінде суды тұтыну үшін артық төлем алынуы мәселелерін анықтады. Бұл ретте балық өсірушілер алынған судың барлық көлемі үшін ақы төлейді, ал қайтарылатын судың көлемі есепке алынбайды. Сондықтан булану және сүзгілеу түріндегі шығындар үшін ғана төлем төлеуді ескеру қажет. Бұған қоса, жергілікті маңызы бар су айдындарының көп бөлігі (49%-ы) берілмеген. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге балық өсіру шаруашылықтарын салу кезінде шығынды өтеу қажеттігі де ескерілмеген. Тек балық өсіретін питомниктер ғана шығынды өтеуден босатылған.

Осыған байланысты министрлік қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын қосымша субсидиялаумен кеңейту мәселесін пысықтады. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдіктері бұл ұсынысты қолдады. Еліміздегі су ресурстарын ескере отырып, өсірілген балық көлемін 600 мың тоннаға дейін арттыруға, экспорт көлемін 10 есе ұлғайтуға, шамамен 500 миллиард теңге көлемінде жеке инвестициялар тартуға балық шаруашылығының әлеуеті жеткілікті екен. Сонда бюджетке салық түсімдері жылына 28 миллиард теңгедей болады. Бұл шешім шамамен 10 мың қосымша жұмыс орнын құруға және халықтың табысын көбіне ауылдық жерлерде арттыруға ықпал етеді.

Бүгінде тек балық өсіретін 27 кәсіпорын субсидиямен қамтылған. Енді АШМ субсидияланатын балық түрлерінің тізбесін кеңейту, жемшөпті субсидиялау үшін жайын және сига балық түрлерінің тізбесін енгізу мәселесін қарастырып отыр.

Әзірге елімізде тек осы саланың басы-қасында жүргендер ғана қысқаша курстар оқып, балық шаруашылығының қыр-сырын игерген. Ал бұл мамандықты Қазақстанда бір ғана жоғары оқу орны – Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті оқытады. Алайда оған жыл сайын 10 шақты адам ғана түседі екен. Енді субсидия көбейеді дегенді естіген халық балық шаруашылығына аса қызығушылық танытып жатқан көрінеді.

ҚМА қысым көрсете бастаған

Таяуда Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Бас прокурордан балық зауыттарын тексерудің заңдылығын анықтап, қылмыстық істерге тез арада құқықтық баға беруді талап етті. Ол алдымен Қаржылық мониторинг агенттігінің балық шаруашылығына «шабуыл жасап» жатқанын мәлімдеді. Айтуынша, 2023 жылдың қазан айынан бастап Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Атырау облыстарының барлық жерінде балық өнімдерін өңдейтін 9 зауытқа қарсы негізсіз қылмыстық істер қозғалған. Ал ол зауыттардың барлығы өнімді экспортқа шығарады. Яғни, бухгалтериясы ашық, шыққан өнім кеден арқылы бақыланып отырады.

Яғни, мемлекетке төленіп отырған салық тоқтап, балық өнеркәсібі, еншілес кәсіпорындарда істейтін мыңдаған азаматтың жалақысы төленбей, зауыттардың өздеріне өнімді уақытында жеткізбегені үшін шет елдерден айыппұл санкцияларының келу қаупі төніп тұр.

AMANAT партиясы фракциясы депутаттарының пікірінше, Бас прокуратура құқық қорғау органдарының экономика субъектілеріне жөн-жосықсыз қол сұғуын тоқтатуы керек.

Атаулы күн

1985 жылдан бері 27 маусымда Бүкіләлемдік балық шаруашылығы күні атап өтіледі. Қаперге салсақ, Бүкіләлемдік балық шаруашылығы күні 1984 жылы Римде болған балық шаруашылығын дамыту мен реттеу жөніндегі халықаралық конференцияның шешімімен бекітілген.