Қарағандылық ғалымдар 5 метр тереңдіктегі жерасты жылыжайын көкөніске толтырды
-28 температурада бұл жер +25 градус болады
Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды университеті биология-география факультетінің аумағында жерасты термос-жылыжайы ашылды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жылыжай жұмысымен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев танысты. Ол микрожасылдар, қиярлар мен гүлдер өсірілген 2 залды аралады.
Жылыжайдың ауданы – 270 шаршы метр. Ол жер астында шамамен 5 метр тереңдікте салынған. Бұл өсімдіктерді қыста суықтан, жазда ыстықтан оқшаулауға мүмкіндік береді.
Онда өсірілген қияр, қызанақ және шөптер университет асханасында пайдаланылады. Ал гүлдер мен ағаш көшеттері университет аумақтарын көгалдандыру, сондай-ақ қаланы безендіру үшін өсіріледі деп жоспарланып отыр.
Микрожасылдарды өсіру жобасын ҚарМУ түлегі, жаратылыстану ғылымдарының магистрі, PhD докторы Арайлым Серікбай табысты іске асырып жатыр. Ол өз идеясын Қарағанды облысы әкімі грантының арқасында іске асырған. Арайлым бір жылдан астам уақыт бойы өз өнімдерін қаладағы супермаркеттерінің біріне және 2 асханаға жеткізіп отыр.