Әмиян

Алматы облысында алимент төлемеген әкелер 426 млн теңгені құмар ойынға салған

Маңғыстау облысында да балаларына 2,5 млн теңгесін бермеген бір борышкер 45,7 млн теңгеге бәс тіккен

Алматы облысының прокуратурасы алимент бойынша 157 борышкерді анықтады. Олар құмар ойындарға 426 млн теңгеден астам қаражат жұмсаған.

Борышкерлер алимент төлеу жөніндегі міндеттемелерін елемей, өз балаларына қатысты қалауының болмауы немесе немқұрайдылық салдарынан букмекерлік кеңселерде құмар ойындар ойнаған.

Ал алимент төлемеген 6 борышкерге қатысты қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары қабылданып жатыр. Қалған борышкерлермен де жұмыс жалғасады.

Сондай-ақ Маңғыстау облысының прокурорлары алимент төлемей жүрген 13 борышкердің 73,3 млн теңге пайда тауып, ақшаны жасырғанын анықтады.

Атап айтқанда, алимент бойынша борышкердің бірі 2023-2024 жылдары букмекерлік кеңседегі өзінің жеке шотына бәс тігу үшін 45,7 млн теңге салған. Атқарушылық құжат бойынша 2,5 млн теңге берешегі бола тұра, сырт көзге өз міндетін орындап жатқанын көрсету мақсатында борышкер қағаз жүзінде 85 мың теңге жалақыға жұмысқа орналасқан.

Прокуратура алимент төлемеудің құқықтық салдары туралы қатаң ескертеді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Бірыңғай мемлекеттік алимент қорын құру идеясының Үкімет тарапынан қолдау таппағанын жазған едік. Сондай-ақ құмар ойынның құлына айналған қазақстандықтар 400 мыңға жуықтаған.