Әмиян

Ұлттық статистика бюросы табыстың көп бөлігін қайда жұмсайтынымызды көрсетті

Елорда тұрғындарының шығыны ең көп болып шықты

Ұлттық статистика бюросы қазақстандықтардың 2023 жылдың соңғы тоқсанындағы шығыны туралы дерек жариялады. Мамандар ел тұрғындарының ақшасын не нәрсеге көбірек жұмсағанын анықтап көрген.

Бюро ақпараты бойынша, 2023 жылдың IV тоқсанында 1 қазақстандықтың шығыны 277 202 теңге немесе айына 92,4 мың теңге болған. Бұл – 2022 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, 12,3% жоғары көрсеткіш.

Қазақстандықтар ақшасының көп бөлігін азық-түлікке жұмсайтын болып шықты: тоқсанына – 142 169 теңге. Азық-түлікке жатпайтын тауарларға 66 268 теңге, ақылы қызметтерге 48 250 теңге жаратқан.

Азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға бір қазақстандық 129 953 теңге төлейді екен. Ал сырттан тамақтануға 6 070 теңге, алкогольді сусындарға 1 766 теңге, темекі өнімдеріне 3 970 теңге жұмсайды.

Орташа алғанда, еліміздің бір тұрғыны тоқсанына 14 819 теңгені несие мен қарызды өтеуге, 5 362 теңгені алиментке, 334 теңгені салық пен басқа да төлемдерге жаратады.

Өңірлерге шаққанда, елорда тұрғындарының шығыны ең көп болып шықты. Бір астаналық тоқсан ішінде 366 345 теңге жұмсаған. Яғни бұл – айына 122 115 теңге. Одан кейінгі орында алматылықтар мен Қарағанды облысының тұрғындары тұр.

Ал Қазақстандағы жылжымайтын мүлік нарығында сатып алушылар тарапынан сұраныс азайған. Биылғы ақпан айының қорытындысы бойынша 30 мыңнан астам ғана келісім жасалған. Бұл көрсеткіш – қаңтар айымен салыстырғанда, 4% аз. Баспанаға сұраныстың төмендегенін әсіресе Алматыдан байқауға болады.

Бұл – Ұлттық статистика бюросының мәліметі. Кімнің шығынын санап отырып есептегені белгісіз. Бұл ретте «Орташа алғанда, 334 теңгені салық пен басқа да төлемдерге жаратады» дегенді қалай түсінуге болады? Жеке кәсіпкердің әзір түк істемесе де ай сайынғы ең төменгі міндетті төлемі 18 700 теңге екенін білетін адамның әрбір есеп-қисабымызды жіпке тізгендей етіп алуға тиіс білдей бір мекемеде болмауы мүмкін емес.