Ерлі-зайыптылар бір-бірінің рұқсатынсыз қомақты несие ала алмайтын болды
Бұл шаралар халықтың шамадан тыс несие алуын төмендетуге бағытталған
Елімізде жұбайының/зайыбының келісімінсіз жеке тұлғаларға қомақты несие беруге тыйым салынатын болды.
Оның айтуынша, мұндай қажетсіз несиелердің санын азайту үшін жеке тұлғаға банктер мен микроқаржы ұйымдарынан жұбайының/зайыбының жазбаша келісімімен ғана несие беру талабы қолдау тауып отыр. Әділет министрлігі мен Мәжіліс депутаттары ол ұсынысқа бірден оң қараған.
Кейін сенаторлар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне несие беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқығын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды талқылап, екінші оқылымда Мәжіліске қайтарды. Ал Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті жоғары Палата енгізген түзетулермен танысып шыққанын және онымен келісетінін жеткізді.
Енді жеке тұлғаның қаржы ұйымдарынан алатын несиесінің көлемі 3,7 млн теңгеден (1 мың АЕК, 1 АЕК – 3 692 теңге) асатын болса, ол жұбайының/зайыбының рұқсатын алуға міндетті.
Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтың айтуынша, несие сомасын нормативті-құқықтық акті аясында 1 мың АЕК деңгейінде болуы керек деп анықтау себебі – бұл сома қандай да бір шұғыл қажеттілікті жабуға жетеді. Оның ішінде медициналық көмек мәселесін де шеше алады.