Табыс

Шағын және орта бизнеске 900 млрд теңгеден астам субсидия беріледі

Салықтар мен басқа да төлемдер саны 20%, салық есебі нысандарының саны 30% қысқарады

Биыл шағын және орта бизнесті субсидиялаумен және кепілдендірумен қамту несиесі 900 млрд теңгеден асады.

Қазір Үкімет инвестициялық ахуалды жақсарту және кәсіпкерлікті дамыту бойынша кешенді жұмысты жалғастырып жатыр. Қабылданған шаралардың арқасында шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 10% артып, 4,3 млн адамға жеткен. Бұл – еліміздегі еңбекке қабілетті азаматтардың 45%-ы.

Былтыр соңғы 9 айда Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 36,5%-ға дейін артқан-ды. Өйткені қазір бизнес жүргізу шарттары айтарлықтай жеңіл, 10 мыңнан астам артық талап алынып тасталған. Сондай-ақ биыл 1 қаңтардан бастап тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру нәтижесінде адам қатысуынсыз тексерулер тағайындалып жатыр. Бұл шара тексерулер санын 2 есе азайтады.

Мемлекет тарапынан да бизнесті қаржылай қолдау шаралары жиі жүргізіліп тұрады. «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары біріктіріліп, кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа тәсілдері әзірленген. Енді субсидиялаудан кепілдік беру құралдарына және өзге де қаржылық емес қолдау шараларына біртіндеп көшу көзделіп отыр.

Одан бөлек, облигациялар мен біріктірілген несиелер арқылы қаржыландыру құралдары кеңінен қолданылады. Әкімшілендірудің сервистік моделін енгізуді көздейтін жаңа Салық кодексі бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Оның нәтижесінде салық міндеттемелерін орындау процесі айтарлықтай жеңілдемек.

Жалпы, салықтар мен басқа да төлемдер саны 20%, ал салық есебі нысандарының саны 30% қысқаруға тиіс. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобалар 3 жылға салық төлеуден босатылады. Нәтижесінде салық міндеттемелерін орындау жеңілдетіліп, салық жинау тиімділігі артады.