Табыс

Жамбыл облысы шетелдік инвесторлармен 153 млн доллардың келісіміне қол қойды

Тамшылатып суару жүйелерін шығаратын зауыт салу да ірі жобалар қатарында

Жамбыл облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір басшысы Ербол Қарашөкеев Таразда өткен KazАgroZhambyl-2024 халықаралық ауыл шаруашылығы форумында бірқатар елдің іскер топтарының өкілдерімен кездесулер өткізген. Өңір басшысы олармен бірге инвестициялық байланыстарды жолға қою, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Сонымен, Shouguang Agricultural Development Group Limited компаниясы өңірде 100 гектарға дейінгі аумақты қамтитын ірі жылыжай кешенін салуды жоспарлап отыр.

Өңірдің жеміс-көкөніс саласын дамыту әлеуетіне Shandong Shouguang Vegetable Industry Group Co компаниясы да қызығушылық танытып отыр.

Екі ірі жылыжай кешенін іске қосу – өңір үшін елімізге жеміс-көкөніс өнімдерін ірі жеткізушілердің бірі болуға мүмкіндік береді.

Тағы бір инвестор – Kazakh Industrial stroi ЖШС 7 миллион долларға бетон өндіретін зауыт салмақ. Қазір серіктесте өндірілген бетон төсемі суару арналарын салу мен қайта жаңғыртуда сәтті қолданылып жүр. Бұл – су арналарының қызмет ету мерзімін ұзартуға және судың жоғалуын едәуір азайтуға жақсы мүмкіндік.

Тамшылатып суару жүйелерін шығаратын зауыт салу – ірі жобалар қатарында. Жамбыл облысының «KAZ Каспий ГИДРО ауыл шаруашылығы технологиясы» компаниясы бұл жобаға 6 миллион доллар көлемінде инвестиция салуға ниет білдірді. Бұл өңірде қарқынды суару жүйелерін белсенді пайдалануға жол ашады.

Сондай-ақ Ербол Қарашөкеев ирригациялық жабдықтар, агродрондар, пластик және көкөніс өнімдерін өндірумен айналысатын бірқатар компанияның басшыларымен кездесу өткізді.

Экономикалық ынтымақтастық елдеріндегі тұқым шаруашылығы қауымдастығының өкілдерімен әңгімелесу барысында өнімділіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ету мақсатында тұқым материалының сапасын жақсарту мәселелеріне айрықша назар аударылды.