Өнеркәсіпті дамыту қоры тоқыма, киім, былғары өндірісін қаржыландырады
Бір жобаға қарастырылатын зайымдық ақшаның шекті мөлшері – 5 млрд теңге
Биыл жеңіл өнеркәсіп бойынша іске асатын инвестициялық жобаларға байланысты, 3%-дық сыйақы мөлшерлемесінде қаржылай қолдау тетігі қарастырылады.
Ол 3%-дық мөлшерлемемен зайымдық ақшаны ұсынудың операторы – «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ. Бұл тетік шағын және орта бизнесті ынталандыруға бағытталып, алдағы уақытта орта және жоғары бөліністегі тауарларды өндіретін, сондай-ақ ішкі нарықтан шикізат сатып алуды көздейтін кәсіпорындарға басымдық берілмек.
Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктелуіне (ЭҚЖЖ) сәйкес, төмендегі қызмет түрлерін көрсететін кәсіпорындардың тиісті қаражатты алуға мүмкіндігі бар:
- тоқыма бұйымдарының өндірісін жолға қойған (ЭҚЖЖ 13-бөлімі);
- киім өндіретін (ЭҚЖЖ 14-бөлімі);
- былғары және оған қатысты өнімдерді шығаратын кәсіпорындар (ЭҚЖЖ 15-бөлімі).
Бұл ретте бір жобаға қарастырылатын зайымдық ақшаның шекті мөлшері – 5 млрд теңге. Сондай-ақ маңызды шарттардың бірі өндірісті жаңғырту кезінде кемінде 30 адам, ал жаңа өндірісті құрған шақта 80 адам жұмыспен қамтылуға тиіс.
Қазір инвестициялық жобалар пулында жеңіл өнеркәсіпке қатысты 60-қа жуық жоба бар. 2025 жылға дейін іске қосылатын осы жобалар бойынша 10 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Жалпы, биылғы қаңтар-наурыз аралығында елімізде 55,5 млрд теңгенің жеңіл өнеркәсіп өнімі өндірілген. Бұл – былтырғы кезеңмен салыстырғанда, 37,8% көп. Сонымен қатар өндірісті үздіксіз жалғастырып келе жатқан кәсіпорын санының 2022 жылмен салыстырғанда, 9% немесе 122 нысанға ұлғайғаны байқалып отыр.
Жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс өсімі оның барлық түрінде тіркелді:
- тоқыма бұйымдарын өндіру – 57,6%;
- киім өндірісі – 11,7%;
- былғары және оған қатысты өнімді шығару 7,4% артқан.
Бұл бағытта өңірлер арасында Түркістан облысы (28,5%), Шымкент (16%) және Алматы қалалары (8%) мен Ақмола облысы (5,6%) көш бастап келеді.