Әмиян

262 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді

Мектеп жасына дейінгі 80,6 мың балаға 446,2 млн теңге қосымша төлем тағайындалды

2024 жылғы ақпанда 49,7 мың отбасындағы 262,3 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Биыл осы мақсатқа бюджеттен 75,9 млрд теңге қарастырылған, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

АӘК берудегі негізгі мақсат – ақшалай қолдап, отбасының еңбекке қабілетті адамдарына жұмыспен көмектесіп, өмірлік қиын жағдайдан шығару.

АӘК табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындауды, табысы аз отбасылардағы 1-6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беруді көздейді.

2024 жылғы 1 ақпанда АӘК алушылар қатарындағы мектеп жасына дейінгі 80,6 мың балаға 446,2 млн теңге қосымша төлем тағайындалды.

Қазір адам АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына, ауыл округінің әкіміне, сондай-ақ электронды үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.