Бұқара

Құмар ойынның құлына айналған қазақстандықтар 400 мыңға жуықтаған

Ажырасудың 40%-ына осы лудомания тікелей себеп болған

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп, құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге мүмкіндікті шектеу үшін жаңа сервисті іске қосты. Өйткені соңғы кездері тәуелдіктің бұл түрі жастар арасында кең тарап барады.

Жаңа сервис Egov mobile мобильді қосымшасында іске қосылған. Онда шектеу мерзімін 6 айдан 12 айға дейін қоюға болады. Бұл қызметті алатын азаматтар автоматты түрде өзін-өзі шектейтін тізімге алынады және Қазақстанда лицензиясы бар ойын мекемелері қызметін қолдануды болдырмайтын құралмен қамтамасыз етіледі.

Әйтпесе құмар ойынның кесірінен суицидке баратын қазақстандықтар көбейген. Мәжіліс депутаты Руслан Берденов ажырасудың да 40%-ына осы лудоманияның тікелей себеп болғанын алға тартып отыр.

Ол – бергі жағы. Жалпы алғанда, қазір елімізде 400 мыңға жуық қазақстандық лудомания дертіне шалдыққан.

Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттағанмен, құмарпаздардың құмары қана қалған жоқ. Сондықтан бұл кеселге қарсы күрес тәсілін қатаңдатпаса болмайды.

Кезінде қазақ ауылдың жаза басқан бір шөпкетышарының бетіне «қарабет» деген қара таңбаны салық етіп, қоғамнан аластап тынатын. Сол сияқты, жеңіл жүрісті жақынынан, оңай олжаны отбасынан артық көретін қазіргі қарабеттердің де аты-жөнін БАҚ арқылы күллі қоғамға әйгілеп отырған жөн болар...